Ұлтқа қызмет
Қазақтың азаматтық тарихындағы ең ұлы идея - Алаш идеясы! Ұлттық Тәуелсіздікті мұрат тұтып, ұлы істер атқарған Алаш арыстары самодержавиялық қуатты империяның бұғауынан шығу үшін өркениетке лайық саяси күрес жүргізді. Алаш партиясын құрып, Алаш Орда үкіметін жасақтады. Ұлттық-териториялық Алаш автономиясын жария етті. Бірақ азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес үкіметі Алаш партиясы мен Алаш Орданы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластатып, күшпен таратты.
Жиырмасыншы ғасыр басындағы осы бір күрделі кезеңдерден сыр шертетін Қ.Жүнісовтің «Ұлтқа қызмет» деректі-көркем драмасы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай сахналанды. Ә.Бөкейханов бастаған қайраткерлердің азаттық жолындағы арпалысы, ауыр тағдыры суреттелетін спектакль тарихи оқиғалар негізінде жазылған. Ұлттық рухымызды күшейтіп, ұрпақты отан сүйгіштікке тәрбиелейтін туынды, ерлік пен елдікті танытады. Шиеленіскен оқиғалар режиссерлық тың шешімдер арқылы шарықтау шегіне жетеді.