«Қамбар батыр» эпостық жыр
«Қамбар батыр» - эпостық жыр. Бұл - ел намысы мен жер намысын қорғау жолындағы Қамбардың бойындағы батырлық, ерлік, батылдық, бірбеткейлік, намысшылдық сияқты ізгі қасиеттерді көрсетуге арналған жыр.
«Қамбар батыр» жыры өзге эпикалық туындылар тәрізді батыр тұлғасын, оның ел үшін еткен еңбегі мен ерлігін дәуір рухына сай көркемдеп жеткізуді мақсат еткен. Аталмыш жырдың 12 үлгісі бар. Алайда барлығына ортақ нәрсе - өз бойына көне мазмұнын сақтай отырып, ел қауіпсіздігі маңызды болған тарихи кезеңді жырлау. Күш-қуаты кемеліне келген нағыз жігіттік шағынан басталған оқиға сол рухта аяқталады. Өз ауылы, Әзімбай ауылы және жау елі (қалмақ) - жырдағы кеңістік осылар. Батырдың ерекше болмысы екі жағдайда көрінеді. Біріншісі, көне эпос салтына тән жолбарыспен алысқандағы ерлігі болса, екіншісі - ел шетіне жау келгенде қорған бола білген қаһармандық іс-әрекеті. Елді жаудан қорғау - жырдың алтын арқауы. Олай болса, елдік, ерлік рухын асқақтататын Қамбар бейнесін ғасырдан-ғасырға жеткізіп, бүгінгі ұрпақтың рухани азығына айналдыру біздің мақсатымыз.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында «Батыс», «Сыр», «Жетісу» жыр мектебінің өкілдері, бишілер тобы мен этникалық ансамбль үйлесім тауып жырдың мән-мазмұнын заманауи үлгіде жеткізбек. Театрландырылған жыр мазмұны ер мен езді, ақылды мен ақымақты, еңбекшіл мен тірліксізді аражігін ажыратып, ұрпақтарына жақсыны үйретіп, жаманды жирентуді көздейді.
Актерлар:
Жыршылар - Аманқос Садықов, Ерсейіт Әлиев, Шаттық Уатқан.
Қамбар - Айбек Құдайбергенов, Елдос Әкімбек
Назым ән - Зарина Рахманбердиева
Назым биі (бишілер) - Сәуле Анарбекова, Айгерім Тұралиева
Әлқиса-айтушы - Нәсіпжан Басшыбай, Рауан Бекбауов
Көпшілік сахналарда - «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистері
Режиссердің ассистенттері: Аманқос Садықов, Үміт Ауесбаева
Қоюшы суретші: Алтынай Жүсіпәлі
Балетмейстер: Танбаева Айгүл
Композитор: Нұрболат Қыдырбаев