Астана-өнер ордасы
Қазақ оркестрі – Астана филармониясының 1997 жылы құрылған шығармашылық ұжымы. 2008 жылдан бастап оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор - Айтқали Жайымов тағайындалды.
«Астана – өнер ордасы» бағдарламасында маэстро Айтқали Жайымов пен оркестр дирижері, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновтің жетекшілігімен Түркештің «Көңілашар», Тәттімбеттің «Саржайлау», Дина Нұрпейісованың «Әсемқоңыр», Құрманғазының «Сарыарқа» және «Серпер», Жанар Жүсіпованың «Тұран», Айтбай Мұздахановтың «Амангелді дүбірі», Нұрлан Бекеновтің «Мұқали» шығармалары орындалады. Сонымен қатар, көрермен Жорж Бизенің «Кармен» және Вольфганг Амадей Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» операларынан ұлттық аспаптар оркестріне арналған увертюраларды тыңдай алады.
Виртуоз музыканттар да өз кәсіби шеберлігін көрсетеді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындаса, «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпова композитор Әлқуат Қазақбайдың «Нұрғиса-аңыз құс» күйін көрерменге тарту етеді. Оркестрмен бірге Мәдениет саласының үздігі Ботагөз Ташимова Еділ Құсайыновтың «Қыпшақ жыры» шығармасын сым қобыз аспабында ұсынады. Айтқали Жайымовтың «Отпан тау» күйін халықаралық байқаулардың лауреаты Қайрат Жұмағалиев орындайды.
Осы кеште филармонияның «Эстрада» және вокал вокал бөлімінің әртістері: ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, танымал әншілеріңіз – Светлана Айтбаева және Арайлым Рахым өз өнерлерін Атырау халқына ұсынады. Ал, «Классикалық вокал» бөлімінің әншілері: Халықаралық байқаулардың лауреаттары Талғат Аллабиринов оркестрмен бірге Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» және Ди Капуаның «O, sole mio» әндерін орындаса, Фируза Рахметова Қазақ оркестрінің сүймелдеуімен Луиджи Ардитидің «Поцелуй» және Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін орындап, ұмытылмас әсер қалдырмақ. Сонымен қатар филармония ұжымының «Alem» заманауи би балетінің артистері Айтқали Жайымовтың «Шаттық елі» күй поэмасымен концерт шымылдығын ашып, және де тағы да басқа оркестр күйлерімен әндеріне би билеп көрерменге тарту етпек. Орындаушылар бірлесіп Арман Жайымның «Қазақ елі» және белгілі композитор Ермұрат Үсеновтің «Астана» әндерімен концерттік бағдарламаны аяқтайды.
«Астана – өнер ордасы» концерттік бағдарламасы барлық құрамдас бөліктер бір-бірін тамаша толықтыратын музыка мен вокалдың тамаша үйлесімі. Қазақ оркестрінің музыканттары ұзақ жылдар бойы көрерменді өзінің талантымен, аспаптарды меңгеру деңгейімен және маэстро Айтқали Жайымовтың шебер қолдарымен жетелейтін үйлесімді дыбысымен баурап келеді.