«Алғашқы ұстаз» Қызылорда қаласыңда
Қазақ сахнасында алғаш сахналанған бұл қойылым Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы ұстаз» повесінен инсценировка жасалып қойылды. Оқиға желісінің де, кейіпкерлердің де өзгеріске ұшырауы автордың айтар ойына кедергісін жасамаған. Мөлдір сезімдер мен әсерлі сәттер музыкамен үйлесім тапқан.
«Алғашқының» барлығы-ыстық, «ұстаздың» бәрі-қадірлі. Алайда, екі ұғым бір адамның бойынан табылып жатса, қоғам суық қабылдап, қадіріне жете алмайтын жағдайлар тарихта аз емес.
Ал, бұл оқиға жиырмасыншы жылдары болған. Қызығы, 2000-ның емес, 1900-дың. Екі ғасырдың арасын жақындатып көрсеткен қойылым ескілікке емес - ес тиярлыққа, көңіл көтеруге емес - көңіл тебірентуге арналған.
Жабық жолды ашуға, ашылған жолды сынауға құралған тараптар арасындағы кескіліс керемет-ақ кескінделген.
Кешегінің оқиғасын көрген бүгінгі қоғам қойылымнан өзін табатыны анық. Дейінгі ғасырда үзілмеген үміт кейінгі ғасырда да үзілмек емес. Өткен күндерде болған қайшылық бүгінгі күні де жалғасуда.