Абай-Тоғжан Түркістан қаласында

Адамзат тарихындағы біртуар тұлғалардың болмыс-бітіміндегі жасампаз рух – балалық шақтан бастау алады. Жас ұрпақтың дүние танымына, жан дүниесіне, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасына Абай ғұмырының бозбала кезеңі арқау болды.

Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім – өмірге деген құштарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің тағылымы, Ұлжандай ананың өнегесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.