«Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі
«Astana Musical» театры еліміздің рухани құндылықтарына айналған халық әндері мен халық композиторларының шығармалары, ұлттық операмыз бен классикалық музыкамыздың інжу-маржандары негізінде жасалған «Қыз Жібек» мюзиклін көрермен назарына ұсынады.
«Қыз Жібек» - қазақтың лиро-эпостық жырының жауһары. Халықтың поэзиялық мұрасының барлық салтанатын бойына сіңірген, халқымыздың ұлттық танымымен етене танысуға мүмкіндік беретін махаббат дастаны.
Дала театрының элементтерін пайдалана отырып жасалған этно-фольклорлық мюзиклде ұлттың өмірі мен тығыз байланысты дәстүрлер - бата, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу және т.б. – жақсы көрініс тапқан. «Қыз жібек» мюзиклі Франция, Бельгия, Австрия, Ресей мемлекеттерінде сахналанып, шетелдік талғампаз көрерменнің қошеметіне бөленді. Композитор – Е. Брусиловский, либретто авторы – Ғ. Мүсірепов. Қоюшы режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.