«Ерікті мерген»
«ОПЕРАЛИЯ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ МЕН
«АСТАНА ОПЕРА» ХІ ТЕАТР МАУСЫМЫНЫҢ
ЖАБЫЛУЫ
Карл Мария фон Вебер
«Ерікті мерген»
2 актілі опера
КОНЦЕРТТІК ОРЫНДАЛУЫ
Алғашқы орындалуы: Берлин, 1821 жылғы 18 маусым
Иоганн Фридрих Киндтің либреттосы (Иоганн Август Апельдің әңгімесіне негізделген)
Бас дирижер – Алан Бөрібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Бас хормейстер – Ержан Даутов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Опера труппасының директоры – Мейір Байнеш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Жобаның техникалық жетекшісі – Виктор Караре
Спектакльді жүргізуші режиссер көмекшілері – Алтынғаным Ахметова, Айнұр Халелова
Ұзақтығы – 2 сағат
Неміс тілінде орындалады
(қазақ және орыс тілдеріндегі синхронды аудармамен қамтылған)
ЖАЗЫЛУ ТАРИХЫ
«Ерікті мерген» (Der Freischütz) – Иоганн Август Апель мен Фридрих Лаунның аттас новелласы желісімен Иоганн Фридрих Киндтың либреттосына жазылған романтикалық опера. Алайда операның либреттосы өзінің түпнегізінен сәтті соңымен ерекшеленеді: жақсылық пен зұлымдықтың текетіресінде жарқын күш жеңіске жетеді.
Премьерасы 1821 жылғы 18 маусымда Берлин драма театрында автордың жетекшілігімен өтті. Одан кейін Карлсруэде, Лейпцигте, Майндағы Франкфуртте (1821), автордың жетекшілігімен Дрезденде (1822) және Капецбургте (1823) қойылымдар орын алды, содан соң опера барша Еуропа сахналарында қойылды. «Ерікті мерген» – неміс романтизмі шыңының бірі әрі тұңғыш неміс ұлттық операсы.
К.М.Вебердің «Ерікті мергенімен» ХІХ ғасырдағы неміс операларының көпшілігі ғана емес, сондай-ақ өзге мемлекеттердің ұлттық опера мектептері туындыларының бірқатары сабақтаса байланысқан. «Ерікті мергеннің» драматургиясы мен музыкасының өзіне тән элементтері Дж.Россинидің «Вильгельм Телль», Дж.Мейербердің «Роберт-дьявол», А.Верстовскийдің «Аскольдова могила» операларынан көрініс тапқан. Осынау операның мәні неміс музыкалық театрының аясынан әлдеқайда кеңінен жайылған.
ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ
Оқиға Чехияда Отыз жылдық соғыстан кейін (XVII ғасыр) өрбиді. Үздік мергендердің бірі Макс сайыста сәтсіздікке ұшырайды. Келесі күні сайыс жалғасады және оның нәтижесі Макс үшін өте маңызды: егер жеңсе, ол Куноның қызы Агатаны жар етеді, оған қоса орманшы лауазымын мұрагерлікке алады. Кейіпкердің бойын өзіне деген сенімсіздік билей түседі. Қара аңшыға (Самьель) жанын сатқан қорықшы Каспар осы сәтті пайдаланбақшы. Әзәзілмен шарт мерзімі аяқталады. Егер Каспар Самьельге өзге адамның жанын бермесе, өзі тозаққа аттанбақ. Қорықшы Максты азғыруға тырысып, биікте ұшып бара жатқан бүркітті көздемей-ақ ату үшін оған өз мылтығын ұсынады. Құс өлі күйінде жерге құлайды: оған сиқырлы оқ тиген еді. Каспардың айтуынша, оқтың жаңасын Қасқыр алқабында құйып шығаруға болады. Макс сол жаққа баруға бел буады. Осы уақытта оның қалыңдығы түсініксіз уайымға салынады. Сиқырлы оқ бүркітке тиген мезетте қыздың бөлмесіндегі қабырғадан ата-бабасының суреті құлап түсіп, содан ол жарақат алған еді. Макс Агатаны тыныштандыруға қанша тырысса да, қыз уайымдауын қояр емес, әсіресе жігіттің Қасқыр алқабына бара жатқанын білгенде үрейі одан сайын күшейе түсті. Агата әулие тақуадан кеңес әрі көмек сұрауға шешім қабылдайды.
Қасқыр алқабына бірінші болып Каспар жетеді. Ол Самьельді шақырып алып, әзәзілмен саудаласады. Ол оған жеті оқ сыйға тартады: оның алтауы мергеннің еркі бойынша нысанаға дөп тиеді, жетіншісін Самьель Агатаның жүрегіне бағыттайды. Каспар оны жек көреді, себебі ол оның ұсынысын қабыл алмаған. Егер Агата қаза тапса, оның күйеу жігіті Самьельдің олжасына айналмақ. Макс келеді, оның көзіне оны тоқтатуға тырысқан анасы мен Агатаның елесі көрінеді. Каспар сиқырлы оқтарды құя бастайды, дауыл көтеріліп, жартастар құлайды. Макстың иелігінде жеті оқ бар, бірақ ол аңдамай алтауын жұмсап жіберіп, қолында тек жетіншісі – әзәзілдің бағыттауындағы оқ қалады.
Үйлену тойына дайындалып жатқанымен, Агата ой шырмауына түсіп, ішкі сезімі алай-дүлей күйде. Қорқынышты белгілер, үрейлі түстер оны қамықтыруда. Құрбысы Энхен Агатаға той гүлтәжін таққысы келеді, бірақ қобдидан аза гүлі табылады. Энхен оны жасырып, тақуа сыйға тартқан раушанды қалыңдықтың шашына түйрейді. Жарыс басталады. Князь Максқа көгершінді атып түсіруге әмір береді. Осы сәтте пайда болған Агата күйеу жігітінен атпауды өтінеді: түсінде өзінің сол көгершін екенін көрген еді. Атыс үні естіледі – Агата есінен танып құлайды, бірақ оқ оған емес, Каспарға тиген. Тақуаның раушаны қыздың өмірін сақтап қалды. Есеңгіреген Макс жасаған күнәсін мойындайды. Князь оны қуып шығады, бірақ тақуа үкімнің күшін жоюды сұрайды: Макс пен Агатаның үйлену тойы бір жылға кейін шегерілсін, сол уақыт ішінде жас жігіт өзінің қалыңдығына лайықты екенін дәлелдесін.