Тышқандар
Таңғажайып ертегі ірімшік қайнататын орынның ішіндегі ақ тышқандар мен қоңыр тышқандардың жанұясымен таныстықтан басталып, кейін екі отбасының арасындағы тұрғылықты орынға деген талас-тартыспен өрбіп, дамиды. Қойылымда қоңыр тышқандардың Шома деген ұлы мен ақ тышқандардың Фружи деген қызының бір-бірін ұнатып қалуы сәтінен бастап, ертегі соңына дейін таңғажайып оқиғалар орын алып отырады. Ата-анасының көңілін табуды ойлаған екі дос Ұлы сиқыршы-мысықтың көмегіне жүгініп, бірі ақ тышқанға, екіншісі қоңыр тышқанға айналып кетеді. Түрлері өзгерген бала тышқандарды ата-анасы қабылдай алмай, балалықтары үлкен дауға ұласады. Екінші рет түр өзгерту мәселесімен Ұлы сиқыршы-мысықтың алдына қайта келсе, екі дос тышқан тірі қалмайтындарын білетіндігі тағы бар. Оқиға сәтті аяқталу үшін қандай сиқыр орын алады деп ойлайсыз? Тату-тәтті бала тышқандардың романтикалық хикаясы қалай аяқталмақ? Достық пен махаббаттың түрлі қиындықтарды, өмір өткелдерін қалай жеңгенін білгіңіз келсе, сыйластық пен адалдыққа шақыратын ертегіні көруге асығыңыздар.