Париж Құдай анасының соборы

2022 / 2023                 Үлкен зал                  Х маусым

8 наурыз * сәрсенбі * 18.00

9 наурыз * бейсенбі * 19.00

 

 

Морис Жарр

«Париж Құдай анасының соборы»

2 бөлімді, 13 көріністі балет

 

 

Либретто және хореография авторы Ролан Пети

Виктор Гюгоның аттас романы бойынша

 

«Астана Опера» театры мен «Ролан Пети балеттері» қоры (Франция)

 

 

ҚОЙЫЛЫМ ТОБЫ:

Қоюшы балетмейстер – Луиджи Бонино

Костюмдер бойынша суретші – Ив Сен-Лоран

Сценограф – Рене Аллио

Қоюшы балетмейстердің ассистенті – Джилиан Уитингам

Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев

Костюмдерді жаңғырту бойынша суретші – Филипп Бино

Жарық бойынша суретші әрі қойылым үйлестірушісі – Жан-Мишель Дезире

Костюмдерді жаңғырту бойынша суретшінің ассистенті – Арасель Досмұратова

Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова, Ресейдің Халық әртісі

 

 

Премьерасы 1965 жылы 11 желтоқсанда Париж Операсында өткен.

1844 жылы Жюль Перро В.Гюгоның романы бойынша «Эсмеральда» балетін қойды. Алайда Ролан Пети өз көзқарасын ұсыну үшін оның бастапқы атауына оралуды жөн көріп: «Мен орта ғасырдың ұмытылғанын және көрермендер Виктор Гюго шығармасының қайғыға толы терең мағынасын түсінгенін қалаймын», – деді.

Оның спектаклінде басты орынға сұлу сыған қызы емес, Квазимодо шыққан. Бұл партияның алғашқы орындаушысы болған хореограф кемістігін байқату үшін костюм мен гримге мұқтаж болған жоқ, ол өз бүкірлігін «бимен» көрсеткен. Сахнада Квазимодоның жан-дүниесіндегі өзгерістер анық көрсетілген: ол өз «қожайыны» Клод Фроллоға деген шексіз адалдығын артқа тастап, бейкүнә Эсмеральданы құтқарып қалуға тырысады және оның өлімі үшін кек алуға дейін барады.

«Париж Құдай анасының соборы» балетінде классикалық бидің мінсіз сұлулығы заманауи пластикаға толы өткір қимылдармен алмасқан. Сондай-ақ бұл күрделі де қайғылы спектакльде қатал шындық пен қиял әлемі үйлесіп жатыр. ХІХ ғасырдағы «Эсмеральда» дәстүрге сай сәтті аяқталса, қаһарлы ХХ ғасырдың спектаклінде жалғыз Квазимодо ғана тірі қалады.

Спектакльге костюмдер жасаушы атақты сәнгер Ив Сен-Лоран Эсмеральданы қып-қысқа киімге киіндіріп, күллі париждік ақсүйектерді таң қалдырады – ол кезде мұндай үрдіс сәнге біртіндеп еніп жатқан еді. Бірақ оның ойынша барша еркектердің жүрегін жаулаған сұлу Эсмеральда дәл осындай қысқа ақшыл қызғылт көйлекпен шығуға тиіс болатын.

Бұл Ролан Пети мен оның қоюшылар ұжымы жасаған үлкен жеңіс болды: «Париж Құдай анасының соборы» премьерадан кейін бірден әлемдік хореография классикасына айналды.

 

Ұзақтығы – 2 сағат (бір үзіліспен)

 

 

 

«АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ОРКЕСТРІ, БАЛЕТ ӘРТІСТЕРІ,

ХОРЫ ЖӘНЕ МИМАНСЫ

 

 

Дирекция өзіне орындаушыларды ауыстыру құқығын қалдырады