ХАН СҰЛТАН. АЛТЫН ОРДА

Хан Сұлтан – Алтын Орданың ұлы қағандарының бірі Берке ханның анасы. Ұлыстың негізін қалаушы Жошы ханның үшінші әйелі. Хорезм шахы Ала-ад-Дин Мұхамед ІІ-нің үлкен қызы. Әйгілі Жәлел-әд-Диннің туған қарындасы.

Либретто Шыңғыс ханның Хорезмді жаулауы кезеңінен басталып, Алтын Орданың алғаш қалыптаса бастаған кезімен аяқталады. Шыңғыс хан 1221 жылы Хорезмнің астанасы Үргенішті бағындырады. Хорезм шахы Жалел-әд-Дин Мангуберді бас сауғалап қашып кетеді де, оның әжесі, атақты Түркен-қатынмен бірге Хан Сұлтан да Шыңғыс ханның тұтқынына түседі. Олжа бөлісі кезінде Жошының еншісіне бұйырады.

Хорезм шахының қызы ретінде Хан Сұлтанның бәсі жоғары болатыны түсінікті еді. Оның басқа емес, Жошыға қосылуында да көп мән бар. Жошы Шыңғыс ханның ең алғыр ұлы ғана емес, қағанның тақ мұрагері ретінде аталып жүрген уақыт. Жошымен отасқан 6 жыл ішінде үш ұл (Берке, Беркешар, Бөрі Мұхамед) табады. Жаудан түскен олжа ретінде ғана емес, шахтың қызы ретінде сарай ішілік тартыстарда ықтимал бәсекелес ретінде Жошының өзінен бұрынғы әйелдері мен өзге де ықпалды әйелдер тарапынан шетқақпай көргені анық. Дегенмен, бұл мәселе Жошының көлденең өлімінен кейін тіпті қиындай түседі. Берке әлі жас бала, одан соңғы екі ұл тіпті сәби.

Осындай қиын кезеңде Хан Сұлтан өзінің ақылымен, мінезімен және саясаткер біліктілігімен өзін де, ұлдарын да қатарға қосады. Жошыдан кейінгі Алтын Орданың атақты қағаны Батудың кіші шешесі ретінде оның құрметін иеленіп үлгерген Хан Сұлтан балаларының көп ханзаданың бірі болып қалмауы үшін барын салды. Ақыры, өзінің үлкен ұлы Беркенің ат жалын тартып мініп, алғашқы жорыққа шығып, атаққа жете бастаған кезінде қайтыс болады.

Либретто осы бір тарихтан мәлім де беймәлім Хан Сұлтанның бейнесін ашады. Және қазақ хандарының атасы саналатын Жошы бабамыздың заманын, даңқты тарихын жырлайды. Хан Сұлтан ең алдымен қайраткер аналардың қатарында аталуға тиіс тарихи тұлға. Либреттода даңқты Бөрте, тарихтан белгілі Бектеміш бастаған бірнеше әйелдің бейнесі сомдалады және сол уақыттағы билік сарайы ішіндегі өмірді арқау етеді.

Басты рөлдерде:

  • Хан Сұлтан – Зарина Алтынбаева
  • Жошы хан – Талғат Күзенбаев
  • Шыңғыс хан – Евгений Шагаров
  • Бөрте – Гүлзат Дәуірбаева
  • Түркен қатын – Оксана Давыденко
  • Шағатай – Ислам Хамзаев
  • Берке – Нұржан Бажекенов
  • Бату – Есенгелді Рза
  • Орда Ежен – Аманбол Сейілхан
  • Қайша – Наргиз Сатмұхамбетова
  • Тайшы – Болат Бөкенов
  • Сархан қатын – Наталья Мезина
  • Бектеміш – Жадыра Аманова
  • Құнан ноян – Таир Тажи
  • Жасауыл бегі – Сұңқар Әлимұса
  • Жауынгер  –  Бекзат Әбитов
  • Жауынгер  – Шыңғыс Нұрғалиұлы
  • Хабаршы – Саят Абдулла
  • Шабарман (Шағатайдан) –Аманбол Сейілхан
  • Шабарман 2 (Үгедейден) –  Жандарбек Еркінбаев