Алпамыс
Еркеғали Рахмадиев
«Алпамыс»
Прологы бар екі бөлімді опера
Қазақ тілінде орындалады
(орыс және ағылшын тілдерінде синхронды аудармамен қамтылған)
Либретто авторы – Кәукен Кенжетаев
Композитор Еркеғали Рахмадиев «Алпамыс» операсын жазу туралы ойын алғаш рет «Алматы ақшамы» газетінде баяндаған: «Ержүрек Алпамыс батыр бейнесін тануыма әкем себеп болды. Оның білетін әрі орындаған ондаған эпостарының ішінде Алпамыс мен үшін барынша жарқын, жанды әрі көрнекті еді. Жылдар өтті, сөйтіп халық эпосы менің бар ой-санамды қайтадан баурап алды. Ежелгі замандағы оқиғалар қай уақытта да болмасын, асқақ мұратты – отанды қорғау, халықтың бейбітшілігі мен бақыты үшін күресті ту етеді. Музыка арқылы басты кейіпкердің алып қуатымен қатар, тұтас халықтың қажырлы да сарқылмас күшін бейнелеп әрі жеткізіп, орасан зор батырлық-эпостық туынды жасағым келді».
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде кеңінен таралған Алпамыс туралы батырлық жыр негізінде либретто авторы – ҚазКСР Халық әртісі Кәукен Кенжетаев. Фольклорлық үлгілердің көптеген нұсқаларының ішінен ол ең мәнді де маңыздысын таңдап алады, бұл бас қаһарманның жан-жақты бейнесін ашуға ықпал етті. Операның музыкалық-сахналық композициясында эпикалық сипаттар айқын (оқиға мен оның жаңғыртылуы арасындағы уақыт қашықтығы, бас кейіпкерлердің амал-әрекеттерінің жақындасуы мен қақтығысы, қарама-қайшы екі әлемді – жердегі және қиял-ғажайып әлемді салыстырып, шиеленістіру және т.б.). Сөйте тұра, барлық сюжеттік іс-қимыл бүтін әрі қуатты тұлға – халық қорғаны Алпамыстың айналасында өрбиді.
Операның премьерасы 1974 жылғы 26 желтоқсанда орын алды. Қоюшы режиссерлер – Байғали Досымжанов пен Владимир Жданов, суретші – Гүлфайрус Исмаилова, дирижер – Валерий Руттер, хормейстер – Базарғали Жаманбаев, балетмейстер – Заур Райбаев. Үш бөлім мен бес көрініс, Пролог пен Эпилогтан тұратын операның екінші редакциясы 1976 жылдың 5 наурызында сахналанды.
Опера жырау-ақынның сөздерімен басталады. Оның монологтарын сүйемелдейтін домбыра үні оқиғаға салмақтылық береді. Пролог сезімдерге айрықша толы, онда қасірет шеккен Жер-Ана ұлы Алпамысқа жауынгерлік ерлік жасауға батасын беріп, семсер табыстайды. Операның барлық музыкалық арқауы халық әуендеріне толған. Қарсы күресуші кейіпкерлердің жарқын, бейнелі-мазмұнды вокалдық партиялары оларға қарама-қарсы қойылады. Сөйтіп, зұлым басқыншы Тайшық хан негізгі кейіпкерлердің бірі ретінде көрсетіліп, қатыгездік кек қайтарумен үйлесімді түйіскен. Оның айшықты речитативті екпіндері бар вокалдық партиясы Алпамыс партиясының ауқымды, жұмсақ әуеніне айқын қарсы қойылған.
«АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ОПЕРА СОЛИСТЕРІ, ОРКЕСТРІ, ХОРЫ, БАЛЕТІ ЖӘНЕ МИМАНСЫ
ҚОЙЫЛЫМ ТОБЫ:
Музыкалық жетекші әрі қоюшы дирижер – Абзал Мұхитдин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Дирижер – Руслан Баймурзин
Қоюшы режиссер – Юрий Александров, Ресейдің Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Сценографтар әрі костюмдер бойынша суретшілер –
Софья Тасмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері /
Павел Драгунов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Бас хормейстер – Ержан Дәуітов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Кеңесші – Найля Рахмадиева
Жарық бойынша суретші – Ирина Вторникова
Проекциялар бойынша дизайнер – Серджио Металли
Қоюшы балетмейстерлер – Тұрсынбек Нұрқалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері / Ғалия Бөрібаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Жобаның техникалық жетекшісі – Виктор Караре
Опера труппасының директоры – Мейір Байнеш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Сахналық пластика – Николай Коршунов
Спектакльді жүргізуші режиссерлер – Алтынғаным Ахметова, Айнұр Халелова
Ескеруді сұраймыз: спектакльге жануарлар (лақ) қатыстырылады
«Астана Опера» МОБТ-дан сатып алынған билеттер спектакльдің өткізілмеуі немесе басқа күнге ауыстырылуы кезінде ғана айырбасталуға және қайтарылуға тиіс. Өзге жағдайларда қайтару мен айырбастау жүргізілмейді.