rebranding

«Біз 25»

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің құрылғанына 25 жыл! Осыған орай ұжым 28 мамыр күні сағат 19:00 Ақмола облыстық филармониясында көкшелік көрермендердің назарына «БІЗГЕ 25!» атты мерекелік концертін ұсынады.

1999 жылы құрылған Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі - Астана қаласының жетекші кәсіби ұжымдарының бірі. Қазақстан қалаларында концерттік-гастрольдік қызметін белсенді жүргізіп келе жатқан, сондай-ақ Италия, Германия, Франция, Греция, Египет және т.б. елдердегі халықаралық фестивальдерде сәтті өнер көрсетіп жүрген танымал ұжым.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі және негізін қалаушы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин. Бас дирижер – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Дүйсембаев. Дирижері – «Құрмет» орденінің иегері Арман Жайым.

«Бізге 25!» атты мерекелік концерттің шымылдығы заманауи қазақстандық композитор Арман Жайымның «Алпамыс» балетінен «Тайшық ханның қуаныш биі» туындысымен ашылады. Сонымен қатар Н.А. Римский-Корсаков «Шехеразада» симфониялық поэмасы, Ор.35, С.Рахманинов №2 фортепиано мен оркестрге арналған концерті c-moll oр. 18 өнер сүйер қауымның назарына ұсынылады. С.Рахманиновтің № 2 концертінде фортепиано партиясын халықаралық байқаулардың лауреаты Зарина Акаева орындайды.