Жаңа жылдық саяхат
Жаңа жыл қарсаңында, ең сиқырлы мерекенің таяп қалған сәтінде, айналаны мерекелік қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй билеген шақта, сіздерді К. Жұмакенов атындағы Үрмелі оркестрдің «Жаңа жылдық саяхат» атты әсерлі де әсем концертіне шақырамыз! Концерт 26 желтоқсан күні сағат 19:00-де филармонияның концерт залында өтеді.
Бағдарламада қысқы мерекелердің шырайын кіргізіп, ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз жетіп келе жатқан танымал әндер орындалады. Бұл әндер – Жаңа жылдың басты белгілерінің бірі, олар шырша, жарқыраған шамдар сияқты мерекелік көңіл-күйді ерекше сезіндіреді. Сахна төрінде Ш. Қалдаяқов, С. Байтереков, Е. Хасанғалиев, А. Бабаджанян, Е. Крылатов, А. Зацепин, М. Таривердиев сынды танымал композиторлардың туындылары шырқалады.
Сүйікті әуендер шеруін К. Жұмакенов атындағы Үрлемелі оркестр және эстрадалық вокал бөлімінің әншілері ұсынады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Светлана Айтбаева, Арайлым Рахым, Естай Мұқашев, Ұлықпан Жолдасов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Алтыншаш Мұқатаева, Фарида Жолдасова, сондай-ақ республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары – Әкімхан Маженов, Айдын Жұмабай, Нематилло Зкруллаев, Асылхан Шалқаров, Әнел Смаилова, Мұратбек Хайролда, Парасат Отан, Құралай Мейрамбек, Нұрай Тілектес (блок-флейта).
Көрермендерді сонымен қатар «Шалқыма» халық би ансамблінің (көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Әбдірасул Есекеев) әсем билері қуантады.
К. Жұмакенов атындағы Үрмелі оркестрдің көркемдік жетекшісі – Никита Почиталин.
Бас дирижері – «Құрмет» орденінің иегері Дархан Рахымғалиев.
Эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы.
Жаңа жыл – бұл сиқыр мен ғажайыпқа толы шақ. Осындай ерекше музыкалық кештен қапы қалмаңыз! Үрлемелі оркестрмен бірге сиқырға толы «Жаңа жылдық саяхатқа» аттанып, өзіңіз бен жақындарыңызға ұмытылмас мерекелік көңіл-күй сыйлаңыз!