Репертуар театр им. Муканова

«SAZ&SOUL» тобының концерті Петропавл қаласында

 

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық  концерттік ұйымының «SAZ&SOUL» вокалды-инструменталды ансамблі Петропавл қаласында өнер көрсетеді.

Концерттік бағдарламада әртүрлі интерпретациядағы қазақтың халық әндері мен күйлері, заманауи музыкалық шығармалары және топтың авторлық төл әндері орындалады. Атап айтқанда, әдемі кеште көрермен назарына «Керімау-айдай», «Дудар-ай», «Сүгірдің термесі», «Жер ана», «Жетіле» және «Қалау» сияқты туындылар ұсынылмақ.

«Saz&Soul» ансамблі 2016 жылы белгілі сазгер Әділжан Толықпаевтың жетекшілігімен құрылды. Ансамблдің құрамында талантты эстрада әншісі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Салтанат Меңдіғалиева, Болат Турабеков (ұрмалы аспап), Самғар Толқынханұлы (баян), Расул Изатов (гитара), Азамат Темірбаев (бас-гитара), Аслан Қуатов (пернелі аспап), композитор әрі топтың көркемдік жетекшісі Әділжан Толықбаев бар.

Шығармашылық ұжым «Егіз Лебіз», «Qazaqstan дауысы», «Qazaqstan дауысы. Балалар» сияқты еліміздегі тележобаларды музыкалық сүйемелдейтін жетекші ансамбль. Топтың қоржынында кино индустриясында және бірқатар отандық телехикаяларда жүзеге асырылған көптеген жобалар бар. «Saz&Soul»-дың Димаш Құдайбергенов, Сәкен Майғазиев, Жанар Дұғалова, Жұбаныш Жексенұлы, Дастан Оразбеков, Amre, Қайрат Нұртас сынды танымал әртістермен коллаборациялары еліміздің музыка әлеміне айтулы жаңалықтар әкелді. Әділжан Толықпаев Батырхан Шүкеновтың әндерінен дауыс пен фортепианоға арналған композициялардың нұсқаларын жазуға атсалысты және «Паралимпиец» фильмінің композиторы.

Жан-жақты әрі бірегей ұжымның қатысушылары заманауи музыканың барлық стильдерін меңгерген және музыкалық композияцияларды этно-фольклордан бастап джазға дейін, фанктан рокқа дейін әртүрлі жанрларда құбылтып, әрлеп, өз мәнерлерінде орындайды.