FORTE TRIO

26 сәуір күні Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының FORTE TRIO мемлекеттік триосы Степногорск қаласының тұрғындарын шығармашылығымен қуантпақ. Аталған кеште бірегей камералық аспаптық ансамблімен бірге шақырылған музыкант Леонид Мысовский де (альт) өнер көрсетеді.

FORTE TRIO ұжымы жоғары орындаушылық шеберлікті талап ететін камералық аспаптық музыканың ең жарқын туындыларын орындайды. Көрермендер Бетховен және Брамстың музыкасымен қатар әйгілі аргентиналық композитор Пьяццолланың таныс танго әуендері, қазақ әуендерінің жыр-жауһарлары қамтылған концерттік бағдарламаны тамашалайды.

FORTE TRIO – Қазақстандағы және шет мемлекеттердегі танымал камералық-аспаптықансамблдердің бірі әрі бірегейі. Ансамблді 2013 жылы белгілі пианист, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев құрған болатын. Ол классикалық ансамбльге скрипканы (Мақсат Жүсіпов), виолончельді (Мұрат Нарбеков) және фортепианоны (маэстроның өзі ойнайды) біріктірді. Аспаптардың құрамы жағынан бұл Қазақстандағы алғашқы және жалғыз музыкалық ұжым болып табылады.

Шығармашылық ұжымның аса бай репертуарына бароккодан джазға және классикалық шығармалардан қазіргі заманға дейінгі түрлі стильдер мен музыкалық туындылар енген. Талантты музыканттар өздерінің концерттік бағдарламаларында әлемдік классикалық музыка мәдениетінің жауһарларын өз көрермендеріне ұсынып, сахна өнерінің шырқау биігіне бет бұрды.