ҰЛЫ ШЕБЕРЛЕР МҰРАСЫ
19 қазан күні сағат 19:00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның сахнасында Республика күніне орай «Ұлы шеберлер мұрасы» атты салтанатты концерті өтеді. Бұл ерекше кеш қазақ музыка өнерінің үздік туындыларын паш етіп, халқымыздың ұлттық мәдениетін дәріптейді.
Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен ашылады. Гимнді филармонияның Қ. Жұмакенов атындағы үрмелі оркестрі көрермендерге ұсынады.
Бұл кеште Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев, Сейдолла Бәйтереков сияқты қазақ композиторларының шығармалары орындалып, елге танымал туындылар шырқалады. Сонымен қатар, кеңестік дәуірдің жарық жұлдызы, аты аңызға айналған баритон Муслим Магомаевтың репертуарындағы атақты әндер де көрерменнің көңілінен шығады.
Концертке қатысатын шығармашылық ұжымдар: Қ. Жұмакенов атындағы үрмелі оркестр, көркемдік жетекшісі – Никита Почиталин.Бас дирижері – «Құрмет» орденінің иегері Дархан Рахымғалиев.
«Шалқыма» халық би ансамблі. Көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Абдрасул Есекеев.
Кештің жеке орындаушылары: ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Бибігүл Жанұзақ, Арайлым Рахым, Азамат Жылтыркөзов, Естай Мұқашев, Мәдениет саласының үздіктері Ғайни Жұмашева, Дәурен Төлебаев, Глеб Паныч, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Құралай Мейрамбек, Мұратбек Хайролда, Нематилло Зкруллаев, Парасат Отан, Қадырәлі Құлов, Деспина Мавиди, Асылхан Шалхаров.
Бұл кеш қазақ өнерінің дәстүрлі мұрасын жаңа қырынан ашып, ата-бабамыздан қалған асыл қазынаның мәңгілік құндылығын тағы бір мәрте дәріптейді. Ән мен күйге, ұлттық би өнеріне сусындаған көрермен ерекше әсерге бөленіп, шынайы өнердің сырлы сазын сезіне алады.