rebranding

Turan Алматыда

«TURAN» этно-фольклорлық ансамблі жаңа «TAMYR» жобасын ұсынады. Бұл ансамбльдің V күйтабағының таныстырылым концерті. Ансамбль концертте түркі халықтарының түптамырын, мифологиялық дүниетанымын заманауи музыкалық-театрландырылған бірегей шоу арқылы көрсетеді. Концерт толық жанды дауыста өтеді, кеште көрермен түркітілдес халықтардың музыкалық аспаптарының үнін тыңдап, тамыры бір түркі дүниесінің тарихына саяхат жасай алады. Кешке қатысушы «TURAN» ансамблі, симфониялық оркестр, хор, бишілер мен танымал актерлер халыққа мағынасы терең, мазмұнды, сапалы музыкамен қатар, естен кетпес көңіл күй, рухани байлық сыйлайды.

«TURAN» ансамблі 15 жыл ішінде әлемнің 122 қаласында 3000 аса жеке концерттерін беріп, түркі әлемінің музыкалық бренді атанды. «TURAN» ансамблі әлемнің атақты «Carnegie hall» (Нью-Йорк, АҚШ), «Kennedy center» (Вашингтон, АҚШ), «Zellerbach hall» (Лос-Анджелес, АҚШ), «Konzerthaus» (Берлин, Германия), «Palais des festivals et des Congres» (Канны, Франция), «Salle Cartot» (Париж, Франция), П.И.Чайковский атындағы Мемлекеттік консерваторияның Үлкен залы (Мәскеу, Ресей), Мариин театрының концерт залы (Санкт-Петербург, Ресей) және т.б. концерт залдарында өнер көрсеткен. Ансамбль қазақ музыка мәдениетінде өзіндік жеке стилін қалыптастырып, елімізде 5 адамнан құралған мультиаспапшылардан тұратын ансамбльдер қатарының көбейуіне негіз болды.

«TURAN» халықаралық кинокомпанияларымен серіктес болып, «Diriliş Ertuğrul» (реж: Мехмет Гюнай), «İsimsizler» (реж: Емре Конук), «Mendirman Jaloliddin» (Нұрғиса Алмұрат) сериалдарына музыка жазды. Сондай-ақ, әлемнің танымал тұлғаларымен, ұжымдарымен коллаборация жасап, ұлттық музыка өнерімізді шетелге насихаттады.

«TURAN» тобының құрамындағы өнерпаздар Серік Нұрмолда, Бауыржан Бекмұханбет, Мақсат Медеубек, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадабаев кәсіби білікті мамандар. Ансамбльде 30-дан астам қазақ халқының ұлттық аспаптары болса, музыканттардың әрқайсысы солардың бірнешеуінде ойнауды меңгерген.