Афиша кино в Таразе

Құлыным менің

«Құлыным менің» – психологиялық драма. Қаланың шулы ортасының көрігін қыздырған жастардың психологиясы мен Бозтайлақ сынды даланың еркін өскен ұланының ұлттық тіні берік, тамыры бекем, тұнығы шайқалмаған болмысы текетіреске түседі. Ардакүреңдей арғымақты айнымас серігіне балаған Бозтайлақ – қаймағы бұзылмаған қазақы қалыптың айнасы.

Сондықтан да ол өзгелер өре түрегеле ұмтылып, таңсық көре тамсанып жатқан тексіздену мен ұлтсыздануға үрке қарап, айналасын қоршаған қоғамнан оқшауланады. Ол өсіп келе жатқан өскелең жастың бойынан әумесерлік пен дүбәралықты, өз ұлтынан өзі жеріп, жатсынған жатбауырлықты, ұлттық тегінен ажырап, бөтен тірлік кешкен өгейлікті емес, тамыры терең, тіні мықты Ардакүреңдей қазақы жылқының асау мінезін көргісі келеді.

Сол себепті де тынысын кере дем алар, құлашын кере құшақтап, еркін тыныстар кең даласын қимайды, жүрегі елжірей жақсы көреді.