Махаббат аралы
Пьеса ертеректе жазылғанымен, қазіргі таңдағы ушығып тұрған жемқорлық мәселесін меңзейді.
Қойылым үш кейіпкер арқылы адамзатқа тән асыл қасиеттер мен сезімдердің арзандап кеткенін көрсетеді. Хирург, депутат Марат Мамаевичтің ұғымында сатылмайтын нәрсе жоқ. Кезінде науқас әйелді емдеу үшін күйеуінің бар дүниесін иемденген Марат Мамаевич өзінің болашақ жарымен табиғат аясындағы демалысында баяғы емдеушінің орманшы күйеуімен жолығады. Тағдыр шебер деген осы. Көлігі бұзылып, азық-түлігі суға кетіп, белінен шойырылып, жүре алмай қалған хирургке орманшы ақылы қызмет көрсетіп, ескі кегін қайтарады. Оған өмірлік жарынан айырылған адамның жан күйзелісін осылай ұғындырмақ болады. Ақшасы таусылған Марат Мамаевич болашақ жарын ойланбастан орманшыға ертіп жібереді. Айна сүйгенінің шынайы кейпін танығанда қателескенін ұғынып, одан теріс айналады.