Scorpions в Алматы

«Отпан» тарихи-мәдени кешені

«Отпан» тарихи-мәдени кешенінің салыну мақсаты негізінен ата-баба рухынан нәр алу, оларды құрмет тұту, сол арқылы өткен өмір тарихымызды білу, олардың жүріп өткен өмір тарихы арқылы өзіміздің тәуелсіз жаңа тарихымызды жасау.

 «Адай-Ата – Отпан тау» этнографиялық рухани тарихи-мәдени кешені идеясының авторы – белгілі қоғам қайраткері, көрнекті ақын, «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері» атағының иегері Сабыр Адай Шеркешбайұлы.

Құрылыс 2005 жылы 10 қазанда басталып, 2007 жылы қазан айының 24 жұлдызы күні ашылуы өткізілді. Рухани тарихи-мәдени кешеннің ашылу салтанатына 500 ағаш үй тігіліп, Қазақстан және басқа да тәуелсіз республикалардан 50 мыңдай адам қатысты. Бәйгі, ұлттық түрлі спорттық жарыстар және ақындар айтысы, жазба ақындар мүшайрасы басқа да өнер сайыстары ұйымдастырылды. Отпан таудың басында, Адай – Ата кесенесі жанында ашылған салтанатты жиынға республикаға белгілі қоғам қайраткерлері қатысып, халық алдында халық жазушысы Әбіш Кекілбай, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ақын Сабыр Адай сөз сөйледі. Ұран Отын жағу рәсімі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен көрнекті ақын, қоғам қайраткері Сабыр Адайға берілді.

     Бұл жердің басынан жан-жағыңа көз салсаң Бес шоқы - биік тауларды, сай-сала жазық даланы, ағарған биік төбелер мен жотаны, ағып жатқан бұлақты, көгеріп жатқан теңізді, ала бұлт шалған көгіңді, кең байтақ шексіз жеріңді, кей кездері тұман басқан даланы, ақ шаңқан Ақтау қаланы, көгерген бақша көз тартқан елді мекен ауылды, тау бөктеріне жайылған төрт-түлік түрлі малыңды көре аласың. Көктем кездерінде түрлі-түсті гүлдерді, ерте кезде ақсақал ағалар, ем үшін іздеп келетін, 15 түрлі өсімдік киелі шипа шөптерді көресің.

Таудың бөктерінен жер бетінде сирек кездесетін көптеген сырқаттарға ем үшін пайдалануға таптырмайтын бал тәрізді қара қоңыр мумияны да кездестіре аласың. Тау бөктерінен қырағы көзге киелі аң арқар да, түлкі мен көкбөрі көкжал қасқыр да қараң етіп көрініп кетуі мүмкін. Көк аспанда қалқып ұшып жүрген тау бүркіті мен сұңқар, ителгі, қаршыға мен күйкентай, Қашаған ақынның жырында айтқан («Отпан таудың басында, «Дегелек» деген бір құс бар, аспанда жүріп ысқырса, мың орда жылан басылған...) киелі қыран құсты да көре аласың. Батыста алыстан ап-анық Каспий теңізінің құрлыққа еніп жатқан жері Үш ауыз тауы көрінеді. Бұл таудың арасында адайлардың көтерілісін басам деп теңіз арқылы келген патша әскерімен Иса-Досан сарбаздарының соғысып, шапқыншы орыс әскерлерін қырып тастаған, ұрпағымызды ерлікке, бірлікке, елдікке жетелейтін тарихи орын - айналасы қоршалып, ауқамды жерді алып жатқан мола-төбе жатыр.

Түнде шықсаң басына оңтүстік батыстан Ақтау қаласының, оңтүстік шығыстан мұнайлы Жетібай кентінің, терістіктен Қаражамбас кенішінің самсаған оттарын көресің. Бейне бір көк жиекке шашып тастаған отты моншақтар сияқты. Бұлар Отпан таудың басынан 150, 100, 80 шақырым қашықтықта орналасқан.

Кешен ашылғаннан бері 13-14 наурыз күндері Амал мерекесі тойланып, халық жиналып, дәстүрлі мереке шаралары өткізіледі.

 «Отпан» тарихи-мәдени кешенінде орналасқан ескерткіштер:

1. «Ана келбеті» ескерткіші. Адай – Атаның жұбайы – барлық Аналардың образы. Жүзінде айдың, жүрегінде күннің суреті өрнектелген. Бұл – ананың жүзі айдай жарқын, жүрегі күндей ыстық деген мағынаны білдіреді. Көкірегінің тұсында ұшып бара жатқан екі қыран құстың суреті бейнеленген. Бұл – ананың құрсағынан шыққан екі баласы – Құдайке Келімберді. Аналар үйдің иесі. Сол себепті «Ана келбеті» ескерткіші Адай - Атамыздың Ақордасы - Ақсарайдың жанына орналасқан. Биіктігі 15 метр.

2. Адай-Ата кесенесі. Адай-Ата кесенесі Қаратау жоталарының ең биік шоқысы (Балтық теңізі деңгейінен 532 метр биік) Отпан тауда орналасқан. Кесененің биіктігі күмбез найзасының ұшына дейін 37 метр. Ресей республикасында жасалған күмбездер арқауы алтынмен шайылған. Адай-Атаның екі қапталындағы - екі баласы Келімберді мен Құдайке атамыздың құрметіне арналған кесенелер.

3. Көкбөрі. Түркі халықтарының тотем - символы. Ерте заманда аталарымыз көкжал қасқырды пір тұтқан. Себебі ол қандай қиыншылыққа да төзімді, өзінің жауларынан да, табихаттың дүлей күшінен де қорғана алатын күшті, қолға үйретуге көнбейтін, туған жерінен басы ауған жаққа кетпейтін және өз ұядастарын сыртқы жауға бермейтін, қызыл кітапқа енбеген, саны көбеймесе азаймаған ержүрек ақылды да айлакер, киелі аң. Аталарымыз Көкбөрінің бойындағы осы қасиеттерін өз ұрпағының болмысында болуын қалап, балаларына үлгі тұтқан.

4. Ұран От. Ерте заманда елге жау шапқанда кең байтақ Маңғыстауды ру-ру болып жайлап жатқан халықтың басын жинау үшін Отпан таудың басында Ұран Отын жаққан. Сүйтіп Адай халқы бірігіп елін, жерін жаудан қорғап қалған. Отпан таудың  басынан жаққан алау от сонау Үстіртің үстінен көрінеді екен. Қазір бұл жерде жыл сайын Маңғыстау халқының ежелден келе жатқан жыл басы 14 наурыз - Амал күні садақа беріліп, наурыздың 13-тен 14-не қараған түні бірліктің, достықтың, тірлігімізбен намысымыздың, бізді ұлттық мемлекет есебінде қалыптастырған баянды тәуелсіздігіміз жолындағы әр жылғы жеңісіміздің мәңгілік оты Тағзым Оты жағылады. От жағу рәсіміне өлкеде еңбек етіп өмір сүріп жатқан он екі ата Байұлының (Кіші жүз) өкілдері, Ұлы Жүзбен Орта Жүздің де өлкемізге белгілі зиялы ақсақалдары қатысады. Солардың қолынан өткен факел ең соңында Адай-Атаның сегіз немересінің ұрпақтарының қолымен жағылады. 2008 жылы Кұдайке атаның үлкен ұлы Қосай атаның, 2009 жылы Тәзіке ата ұрпақтары ақсақалына Ұран Отын жағу рәсімі берілсе, 2010 жылы Келімберді атаның үлкен баласы Құнанорыс ұрпақтары, ал 2011 жылы Ақпан Ата ұрпақтары жақты. 2012 ж. – Балықшы ұрпақтары, 2013 ж. – Жеменей Ата ұрпақтары жақты, 2014 ж. – Тобыш ата ұрпақтары жақты. Ендігі кезек Адайдың қара шаңырақ иесі Мұңалдың еншісінде.

 

Адай – Атамыздың Ақордасы – Ақсарай ғимаратында 2010 жылы ұлы  тарихи тұлға Пір Бекет Атаның 260 жылдығында өлке тарихын бейнелейтін мұражай экспозициясы ашылды. Стационарлық экспозиция 6 залдан құралған:

1. Кіре беріс зал

2. Қазақстан мемлекетінің даму тарихы

3. «Маңғыстау және жеті жұрт»

4. «Маңғыстау және маңғыстаулықтар»

5.  Қол өнер залы

6. Өлке жеріндегі ислам