«Алжирдегі италиялық қыз»
Джоаккино Россини
«Алжирдегі италиялық қыз»
Екі бөлімді опера-буффа
Итальян тілінде орындалады
(қазақ және орыс тілдеріндегі синхронды аудармамен)
Либретто авторы – Анджело Анелли
Саны бойынша оныншы «Танкред» seria-операсының бұрын-соңды болып көрмеген табысынан кейін жиырма жасында даңқы шыққан Джоаккино Россиниге (1792–1868) Сан-Бенедетто театрының импресариосы опера-буффа жазуға келісімшарт жасасуды ұсынады. Композитордың таңдауы «Алжирдегі италиялық қызға» түседі. Оның оқиға желісін Роксолана туралы түрік аңызымен байланыстырады. Он бес жастағы италиялық қызды 1520 жылы теңіз қарақшылары ұрлап әкетіп, сұлтан Сүлейменнің гареміне әкеледі, көп ұзамай ол сол жердің билігін өз қолына алады. «Алжирдегі италиялық қыз» либреттосын 1808 жылы тарихшы әрі саяси қайраткер Анджело Анелли (1761–1820) жазған. «Алжирдегі италиялық қызды» Россини 23 күн ішінде жазып шығып, венециялық Сан-Бенедетто театрында 1813 жылғы 22 мамырда қойылды, сөйтіп премьерасында-ақ көрермен қауымның көңілінен орын алған. Әсіресе ең қатты ұнағаны Мұстафа мен Линдороның дуэті және І бөлімнің финалы, «Паппатачи!» күлдіргі терцеті мен Изабелланың ІІ бөлімдегі отан туралы қаһармандық ариясы. Ол бірігуді көксеп, жат жұрттың қанауына түскен отанының қайта өркендеуін мұрат еткен италиялықтардың патриоттық сезімдерін тудырды.
«Алжирдегі италиялық қыз» – Россинидің алғашқы ірі опера-буффасы, Стендальдің пікірінше, «буффа жанрының зор жетістігі». Үлкен ансамбльдер екі бөлімді тамамдап қана қоймайды, сонымен бірге оқиғаның барысы бойынша бірнеше мәрте кейіпкерлердің басын қосады. Оларда би ырғақтары мен күлдіргі дыбыс еліктеулері жиі қолданылған. Бұрын буффа жанрына тән болмаған хор эпизодтары ерекше орын алады. Қашу көрінісінде олар әдеттен тыс – жауынгерлік, қаһармандық сипатқа ие болады.
Увертюра теңдессіз әзіл-оспақ, ауысып отыратын тақырыптардың шапшаңдығы, еліктіргіштігінің арқасында концерттік эстрадада танымалдыққа ие болды.
«Астана Опера» театрының қойылымында оқиға ХХІ ғасыр басындағы шығыс елінде өрбиді.
КЕЙІПКЕРЛЕР МЕН ОРЫНДАУШЫЛАР
Мұстафа – Ержан САИПОВ (дебют) /
Шыңғыс РАСЫЛХАН, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты
Изабелла – Татьяна ВИЦИНСКАЯ (дебют) /
Салтанат МҰРАТБЕКОВА (дебют)
Линдоро – Әлихан ЗЕЙНОЛЛА / Нарұл ТОЙКЕНОВ
Эльвира – Гүлдана АЛДАДОСОВА /
Айзада ҚАПОНОВА, «Құрмет» орденінің кавалері
Зульма – Айгерім АМАНЖОЛОВА /
Елена ГАНЖА (дебют)
Таддео – Азат МӘЛІК, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты /
Ержан САИПОВ
Әли – Дінмұхамед КӨШКІНБАЕВ /
Алтынбек ӘБІЛДА, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (дебют)
«АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ОПЕРА СОЛИСТЕРІ, ОРКЕСТРІ ЖӘНЕ ХОРЫ
ҚОЙЫЛЫМДЫҚ ТОП
Қоюшы дирижер – Руслан Баймурзин
Қоюшы режиссер – Еренбақ Тойкенов
Бас хормейстер – Ержан Дәуітов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Вокал бойынша кеңесші – Алла Симонишвили
Костюмдер бойынша суретші – Манана Гуния
Жарық бойынша суретші – Кәрім Рамаш
Бейнепроекциялар бойынша суретші – Азамат Құттығожин
Спектакльді жүргізуші режиссерлер – Алтынғаным Ахметова, Айнұр Халелова
Опера труппасының директоры – Азамат Жылтыркөзов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Жобаның техникалық жетекшісі – Виктор Караре
«Астана Опера» МОБТ-дан сатып алынған билеттер спектакльдің өткізілмеуі немесе басқа күнге ауыстырылуы кезінде ғана айырбасталуға және қайтарылуға тиіс. Өзге жағдайларда қайтару мен айырбастау жүргізілмейді.