«CHANEL №5»

 

Адамзат тарихында орын алған ең үлкен қасіретті терорлардың бірі -1937-1954 жылдар аралығындағы  Сталиндік репрессия екені белгілі.

Ұлттық мүдде мен елдік мақсатты ту еткен, отандық білім мен ғылымның, өнеріміз бен мәдениетіміздің ілгерілеуіне ат салысқан Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Б. Майлин, І. Жансүгіров, С. Сейфуллин, Т. Жүргенов, Ж. Досмұхамедұлы, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Ш. Құдайбердіұлы, Ж. Шанин сынды өткен ғасыр басында қалыптасқан қазақтың саяси элитасы «халық жауы» деген жазықсыз қиянатпен қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесіліп, тірі қалғандары түрмеге тоғытылды.

Ұлттық идея үшін басын бәйгеге тігіп, Алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған үркердей арыстар тобы түгелге дерлік жалған жаламен «халық жауы» аталып, сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандары болса, олардың жарлары, ұл-қыздары да озбыр қоғамнан жазықсыз жапа шекті.

Кеңестік тоталитарлық жүйе «халық жауларының» жарларын да сатқын есебінде қамауға алу жөнінде бұйрық шығарды.  Осы бұйрықпен жазықсыз 20 мыңнан астам әр өлкеден, әрбір жерден жиналған әйелдер темір торға қамалып, Қазақстан аумағындағы КарЛАГ-тың филиалы саналатын, халық арасында «А.Л.Ж.И.Р. лагері» (Акмолинский лагерь жён изменников Родины) сол кездегі Ақмола қаласының іргесіндегі 26-шы жұмысшы поселкесінің аумағындағы №26-шы нүктеде жазаларын өтеді.              

Музыкалық жас көрермен театрының ұжымы сахналаған драматург М. Омарованың «CHANEL№5» деректі драмасына - аяулы арыстардың идеясына, өмірлік мұраттарына адалдық танытып, сол үшін «А.Л.Ж.И.Р.»-ге айдалып, нәзік тағдырлары тәлкекке түскен, қилы сәттерде жан сарайларына дақ түсірмей, ішкі рухының мықтылығын жоғалтпаған әйелдер бейнесі арқау болған.

Қойылым барысында кеңестік қатал жүйеден қиянат пен қорлық көрсе де, жігерлері жасымаған, болашаққа деген сенімі мен үмітін жоғалтпаған Г. Майлина, Д. Ермекова, Ж. Шанина, Н. Сац, Р. Мессерер-Плицеская, К. Андронникашвили, А. Тимирёва, Г. Платайс сынды азаматтарына адал аяулы арулар – бастарынан небір нәубетті, қуғын-сүргінді өткереді.

А.Л.Ж.И.Р. арулары өздерінің шынайы естеліктерімен, өмірлеріндегі сәулелі сәттерімен, шұғылалы шақтарымен бөліседі. Олар небір аласапыран шақтарда да өз бойларынан адалдық пен тазалықты, мейірім мен махаббаты, өмірге деген іңкәрлік пен құштарлықты жоғалтпайды. Жасампаздықты ту еткен әйелдер - көрерменді рухани құндылықтардың, еркіндік пен азаттық секілді киелі ұғымдардың тереңіне бойлатады. 

Олардың қилы тағдырлары, ұлт болашағына деген асқақ сенімдері халқымыздың тарихына мәңгі жазылып қалған қастерлі аманат секілді.