Алғашқы махаббат
Мектеп кезеңі - ең ғажап балғын шақ. Алғашқы ғашықтық сезімі де мектеп қабырғасында жүргенде оянады. Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» атты комедиясы бізді партада отырған албырт шаққа, 11 сыныптағы қобалжу, алғашқы вальс, сол кезде бастан кешкен мұңаю мен қамығу, естен кетпес нәзік сезімге қайта оралтады. Махаббат дертіне шалдыққан жас жанның қуанышы мен шаттығы, мұңы мен сыры. Көкірекке ерекше нұр сыйлайтын құштарлық, ізгі сезім. Бозбаланың ғашық жүрегіне жыр болып құйылған қызықты да құпиялы махаббаттың таусылмас сырлы шежіресі күлкіге үйірер шытырман оқиғаға ұласады.
Пәк сезімді, мектеп өміріндегі риясыз махаббатты оятатын ғаламат күшті суреттейтін күлкілі жағдайлар мен жеңіл әзілге құрылған қойылым оқиғасы сол бір балауса шақты еске түсірері сөзсіз. Өмір мәңгі емес, тек алғашқы сезім, алғашқы махаббат қана адам жүрегінде мәңгі жасайды.