Scorpions в Алматы

«Өткенге саяхат»

Бір актілі балет

Заманауи классикалық музыка

Хореограф – Раймондо Ребек (Германия)

Байырғы сезімді ауыздықтау қиын, оны оралту да мүмкін емес. Өмір жолыңда айырылып қалған адамыңды кері қайтару  тіпті мүмкін емес, әйтсе де, өткен күн жадыңда сақталады. Алғаш кездескен сәттегі балғын сезім, тынышыңды кетірген тағатсыздық пен нәзік қолының  жанасуы, осының бәрі жадыңда жаңғырады. Уақыт, кеңістік алшақтатқанымен, қуанышты кездесулерді, ойнақтаған күлкіні, жаның сүйген көз бен жаныңа жақын жанмен жадың ғана қайта табыстыра алады. Бұл естеліктер сенің ішіңде, олар ешкімге тиесілі емес, оған ешкімнің әмірі де жүрмейді. Баяғыда ұмыт болған сезімді жадың лаулатып барып, ескі жараңның аузын тырнаса-дағы, мұңға бөлеп әкетсе-дағы, «тағдырдың саған дайындаған әлі де сыйы бар» деген сынды ойды жадыңа хаттап кетеді. Әрине, үміт пен зейнет, әркімнің-ақ күткен сыйы.

«Өткенге саяхат» бір актілі балетінің идеясы атауынан-ақ көрініп тұр. «Әрқайсымыздың естеліктеріміз бар. Олар не қуанышты, не мұңлы. Кейбірі мәңгілік жадымызда болса, кейбірі ұмыт қалады. Менің балетімнің кейіпкері – әйел. Сахнада ол  шынайы адам мен оның жады ретінде көрініс табады. Ол айнаға қарап отырып, өткен шаққа оралады. Жанында әлдеқашан көз жұмған адамдар пайда болып, өткені жаңғырады. Айнаға қарап отырып, біз өзімізді ғана емес, уайым-қайғымызды, күллі өмірімізді көре аламыз».

Раймондо Ребек