Jullien Dassin
тәулік бойы қолдау қызметі:
+998(90)359-44-80 +998(93)517-78-07

Брамс және Малер. Симфониялық концерт

2017 / 2018                    Үлкен зал            V маусым

26 сәуір * бейсенбі * 19.00

«Брамс және Малер. Симфониялық концерт»

26 сәуір күні «Астана Операның» бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан БӨРІБАЕВТЫҢ жетекшілігімен Симфониялық оркестрдің орындауында классикалық туындылар шырқалатын симфониялық музыка концерті өтеді.

Солист – Фредерик КЕМПФ (фортепиано, Ұлыбритания).

 

БАҒДАРЛАМАДА:

И.Брамс. Фортепиано мен оркестрге арналған №1 концерт, ре минор, ор.15

Г.Малер. №5 симфония, до-диез минор

 

Фредерик Кемпф – қазіргі заманның ең табысты пианистерінің бірі. Ол 1977 жылы Лондонда дүниеге келген. Сегіз жасында алғаш рет Лондон Корольдік филармониялық оркестрімен бірге өнер көрсетті. 1992 жылы Би-би-си корпорациясы өткізетін жыл сайынғы жас музыканттар байқауында жеңіске жетіп, 1998 жылы П.Чайковский атындағы ХІ Халықаралық байқаудың лауреаты атанды.

Бүгінде оның концерттері әлем бойынша үлкен сұранысқа ие. Пианист Шарль Дютуа, Василий Петренко, Эндрю Дэвис, Василий Синайский, Рикардо Шайи сияқты атақты дирижерлермен бірлесе жұмыс жасайды. Ол Лондон және Ливерпуль филармониясы, Гётеборг симфониялық, Швед камералық оркестрлері, Мәскеу және Санкт-Петербор филармониясы, П.Чайковский атындағы Үлкен симфониялық оркестрі, Филадельфия мен Сан-Франциско оркестрлері, Ла Скала Филармониялық оркестрі, Тасмания симфониялық (Австралия), NHK оркестрі (Жапония), Дрезден филармониялық және т.б. үздік оркестрлермен бірге өнер көрсетеді.

Соңғы жылдары Ф.Кемпф сахнада дирижер ретінде жиі көрініп жүр.

Пианистің жеке концерттері Мәскеу консерваториясының Үлкен залы, Берлин концерттік залы, Варшава филармониясы, миландық Верди атындағы консерваториясы, Лондондағы Букингем сарайы, Токиодағы Сантори-холл және Синдейдегі City Hall сынды ең әйгілі сахналарда өтуде.

Фредерик Кемпф беделді Classical Brit Awards сыйлығымен марапатталған (2001), сонымен қатар оған Кент Университетінің Құрметті музыка докторы атағы берілді (2013).

 

Алан Бөрібаев

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының бас дирижері, Ирландияның Радио және Теледидар Ұлттық симфониялық оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын скрипка және опералық-симфониялық дирижерлеу сыныбы бойынша тамамдап, оқуын одан әрі Вена орындаушылық өнер және музыка университетінде жалғастырды.

Загребте өткен Ловро фон Матачич атындағы Бірінші Халықаралық дирижерлер байқауындағы жеңісі оған халықаралық танымалдылық пен бірнеше еуропалық оркестрлермен ынтымақтастық туралы ұсыныстар әкелді.

Ол Лондон филармониялық оркестрі, Лейпцигтің Гевандхауз, Роттердам филармониялық оркестрі сынды атақты ұжымдармен, сонымен қатар Мельбурн, Балтимор, Токио, Ресей Үлкен театрының симфониялық оркестрлерімен бірге жұмыс жасайды.

2014 жылдан бастап Jaраn Сепtuгу Symphony Orchestra (Осака, Жапония) орталығының шақырылған бас дирижері болып табылады.

«Астана Опера» сахнасында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» (2015), Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» (2016), Ж.Бизенің «Кармен» (2017) операларын қойып, Г.Малердің Екінші және Сегізінші симфонияларын орындады. Алан Бөрібаев – Г.Малердің музыкасын жетік меңгеріп, әлем бойынша насихаттаушы.

 

Ұзақтығы  – 1 сағат 40 минут

 

Дирекция өзіне орындаушылар мен орындалатын шығармаларды ауыстыру құқығын қалдырады