Scorpions в Алматы

Ұстазға арнау

«Ұстазға арнау»

Қайролла Жұмакеновті еске алуға арналған концерт

Камералық залда тамаша музыкант әрі ұстаз, қазақтың дарынды флейташысы, профессор Қайролла Жұмакеновтің (1955-2008) 60 жылдығына арналған «Ұстазға арнау» атты концерті өтеді.

Оны «Қазақстанның алтын флейтасы» деп атаған. Музыкада бірге жүрген қызметтестері, түрлі елдердегі достары мен әріптестері ол туралы: «Оның ойнағанынан тамаша әрі бекзат дыбыс естисің, орындаушылық тынысы кіршіксіз, әр фраза өңделген, оқшау. Флейташының ойыны өзінің терең ойлығымен әрі тазалығымен ерекше болатын» – дейді.

Қайролла Жұмакенов – Одесса (1983) мен Фениксте өткен (АҚШ, 1998) халықаралық байқаулардың лауреаты. Ол тамаша музыкант қана емес, сонымен бірге 30 жылдық тәжірибесі бар ұстаз болды: 1979 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында ұстаздық етсе, ал 1998 жылдан Қазақтың Ұлттық Музыка академиясында (ҚазҰМА) Үрлемелі және соқпалы аспаптар кафедрасын басқарып, кейіннен оркестрлік факультет деканы атанды.

Қайролла Жұмакеновтің бастамасы мен қолдауының арқасында Астана Мемлекеттік филармониясының үрлемелі оркестрі мен флейташылар ансамблі құрылды.

Концертте Қ. Жұмакеновтің концерттік репертуарынан алынған шығармалар, классиктер мен заманауи композиторлар туындылары орындалады.

Аталмыш концертке «Астана Опера» оркестрі флейталық тобының әртістері, танымал музыканттың оқушылары – Астанадағы түрлі шығармашылық ұжымдарда қызмет ететін республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары, флейталар хоры, виолончелистер ансамблі, ҚазҰӨУ Үрлемелі және соқпалы аспаптар кафедрасының оқытушылары, сондай-ақ достары мен әріптестері қатысады.

Орындаушылар – Қайролла Жұмакеновтің оқушылары, әріптестері мен достары:

Ерхат Нұрғалиев, Нина Григорьева, Бану Далишева, Данияр Рыскелдиев, Александр Тараскин, Балжан Сапарова, Алексей Косырев, Әлима Әбеуова, Жібек Сапарғалиева, Жанар Жылтыркөзова, Альмира Іргебаева, Роза Салтыханова, Ғұмыр Сайдалин, Жанбота Балғабеков, Александр Климов, Данияр Сүлейменов (флейта), Равиль Кульмаметов (виолончель), Нұрлан Измаилов (фортепиано, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері), Нұргүл Сапарова, Дәмиля Махпирова, Лилия Әбдірахманова (гобой), Алмас Тоқпанов, Станислав Умаров (кларнет), Сейфулл Далишев, Әсет Нелдібаев (фагот), Ерлан Жәкенов, Марат Қонысбаев (валторна) және т.б.

Фортепиано партиясы – Анжелика Горлова, Дана Әбдіқадырова.

Концерт жүргізушісі – Маржан Жәкенова.