rebranding

"Бетховен-Бессмертие-Любовь"

2020 / 2021                 Үлкен зал                  VIІІ маусым

20 / 23 ақпан * сенбі / сейсенбі * 17.00 / 19.00

 

 

«Бетховен – Мәңгілік – Махаббат»

 

Екі бөлімді балет

Л. ван Бетховен, И.С.Бах, Й.Гайдн, В.А.Моцарт, Д.Хаубрихтың музыкасына

 

ҚОЙЫЛЫМ ТОБЫ:

Либретто авторы әрі қоюшы хореограф – Раймондо Ребек

Қоюшы дирижер – Абзал Мұхитдин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Сценограф әрі жарық дизайны концепциясының авторы – Йоко Сеяма

Жарық бойынша суретшінің ассистенті – Валерио Тибери

Костюмдер бойынша суретші – Роса Ана Чанза

Костюмдер бойынша суретшінің ассистенті – Арасель Досмұратова

Проекциялар бойынша суретші – Серджио Металли

Бас хормейстер – Ержан Дәуітов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Опера труппасының меңгерушісі – Азамат Жылтыркөзов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Қоюшы дирижердің ассистенті – Руслан Баймурзин

Рояльмен жеке орындаушы – Долорес Үмбетәлиева

Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова, Ресейдің Халық әртісі

 

 

Хореограф Раймондо Ребек театр сахнасында жетістікпен өтіп жатқан How long is Now? («Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?») бір бөлімді балетімен көрермендерімізге кеңінен танымал.

Қойылымның музыкалық негізіне Бетховеннің (соның ішінде хордың қатысуымен атақты Тоғызыншы симфониясы), сонымен қатар Бах, Гайдн, Моцарттың және заманауи композитор Дирк Хаубрихтың туындылары алынды.

Балетте ұлы кемеңгердің басынан кешкен қайғы-қасірет пен салтанат суреттеліп, Сырқат, Бейнет, Махаббат пен Шабыт жайлы сыр шертіледі.

 

 

Ұзақтығы – 2 сағат 15 минут (бір үзіліспен)

 

 

«АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ БАЛЕТ ӘРТІСТЕРІ, ОПЕРА СОЛИСТЕРІ,

СИМФОНИЯЛЫҚ ОРКЕСТРІ ЖӘНЕ ХОРЫ

 

 

Құрметті көрермендер, үзіліс кезінде әлеуметтік арақашықтық пен маскалы режимді сақтауларыңызды сұраймыз

* * *

 

ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ

I БӨЛІМ

 

1-көрініс. Бетховенді жерлеу рәсімі

Вена, 1827 жыл.

Бетховеннің қазасы Вена жұртын дүр сілкіндірді. Композиторды ақтық сапарға шығарып салуға Австрия астанасының барша зиялы қауымымен қатар қарапайым халық та жиналған.

Бетховеннің музыкасы әлемге әйгілі, ал сазгердің атақ-даңқында шек жоқ.

Жерлеу рәсіміне Бетховеннің айнымас өмірлік серіктері – Сырқат пен бейнет, музыкаға деген сүйіспеншілік пен шабыт және оның Мәңгілік Махаббаты да келеді. Алайда ұлы музыкант енді уақытқа да, кеңістікке де бағынышты емес.

 

2-көрініс. Сырқат

Бетховенге жастық шағынан ілесіп, болашақтағы қайғыдан сыр шерткен, музыкант үшін ең ауыр Сырқат – кереңдік пайда болады. Композитор үшін бұдан асқан апат жоқ! Оның салдарынан жан күйзелісі туып, рухани ахуал нашарлайды.

 

3-көрініс. Жас Людвиг

Бетховеннің әкесі зерек ұлын қаталдықта тәрбиелейді. Үй ішінде қатаң тәртіп орнаған: анасы мен екі інісі де күн сайын әкесінің сабағына қатысуға міндетті.

Бірақ туғандарынан бөлек, бөлмеде өнерге деген шабыт пен махаббат музасы – Эвтерпа, сондай-ақ жас дарынның қыр соңынан қалмас жамандық нышаны – Кереңдік сырқаты мен бейнет те бар.

Әкесі ішімдікке салынған кездерде ғана Бетховен қатаң қамқорлықтан босайды. Тек осы сәттерде жалғыздықта қалып, кемелдік шыңына жетуді армандайды. Азапқа толы үш жақты одақ туындайды: Бетховен – Эвтерпа – Сырқат. Егер Эвтерпа композиторға шығармашылық шабыт сыйласа, Сырқат керісінше бейнетті жіберіп, кедергі келтіреді.

 

4-көрініс. Веналық бал

Асқақ классикалық өнер хрусталь тәрізді – ол қырланған күйінде көз тартарлық және жарқын келбеті айқын әрі толымды. Хрустальдің тазалығы мен тұнықтығы, бейнелі бедері жарық сәулелерін шашу қабілетіне ие.

Венаның ақсүйектері мен зиялы қауымы осындай «хрусталь қоғамы» іспеттес. Бетховеннің өзінен және музыкасынан таралған нұрдан адамның жаны нәр алып, тек жақсылық оймен өзін-өзі тануға ұмтылады.

Бірегей «Хрусталь сарайында» думанды той: мәртебелі веналық қауым Бетховенді ортаға алып, оның музыкасының әсемдігіне рахаттануда.

Мерекелік бал хрусталь тәрізді салқын әрі рақымсыз.

Алайда осыншама сән-салтанаттың ортасындағы Бетховеннің бойын жалғыздық, үрей мен уайым билеуде. Бір сәтте ол қызыл киімдегі әйел –Мәңгілік Махаббатының келгенін байқайды.

Өнерде кемелдікке ұмтылған Бетховен өзі пір тұтқан қос музыка кемеңгері – Гайдн мен Моцартқа назарын аударады. Екеуі де салтанатты портреттерінен шығады, кейін Эвтерпа пайда болады. Олар бөлме ішін шығармашылық шабытқа толтырады.

 

 

II БӨЛІМ

5-көрініс. Мәңгілік Махаббат

Бетховен Мәңгілік Махаббатымен оңаша қалады. Ол Бетховеннің сүйікті болсам деген тілегін, тән құмарлығын қанағаттандыруға ұмтылысын білдіреді. Бұл – асқан құштарлық сәті, сонымен қатар өнер мен әйелге деген сезім арасындағы таңдау қажеттілігінен туындаған және өмірлік жағдайларға байланысты ушыққан ішкі қақтығыс.

Ақыр соңында Бетховен өз таңдауын жасауы тиіс. Жан күйзелісі мен кереңдік тауқыметін тартып, тұрмыс тапшылығын көрген Бетховен Эвтерпаның соңынан еруге шешім қабылдайды. Бұдан былай жалғыздық оның ең сенімді серігіне айналады.

 

6-көрініс. Өмірінің соңғы жылдары

Бетховеннің жүрегі алып ұшып, жаны жай табар емес. Оның өнер үшін Мәңгілік Махаббатынан бас тартуы шығармашылығына түрткі болды. Дегенмен, осы жолда кереңдіктен азап шеккен ол қолдан келмес қиындықтарды жеңуге талпынады. Ол әрбір нота үшін күресіп, жағдайын жақсартар әр сәт үшін алысады.

Қоғам мен сыртқы әлемнен оқшауланған ол өткен өмірінің елестерімен бетпе-бет келеді.

 

7-көрініс. №9 симфония

№9 симфония – уақытқа бағынбайды! Мәңгі өшпес!

Хордың орындауында Фридрих Шиллердің сөзіне жазылған «Шаттық» одасы шырқалатын оның финалы қайғы мен мұңнан ада, риясыз қуанышты аңсаған, алайда кемел әрі нағыз шаттықты сезіну маңдайына жазылмаған адам жанын кейіптейді.

Бетховен қиялдан туған шығармасын өз замандастары үшін емес, кейінгі ұрпақ үшін жазған.

Жұмақтың рухы шексіздік пен мәңгіліктің белгісі – ақ түспен берілген.

Бетховен жалғыз. Ол уақыт пен кеңістікке бағынбайды!