Scorpions в Алматы

Людвиг ван Бетховен. № 9 симфония

ЛА СКАЛА ТЕАТРЫНЫҢ ГАСТРОЛЬДЕРІ

Людвиг ван Бетховен

№ 9 симфония

Ла Скала театрының симфониялық оркестрі, хоры және солистері

Дирижер – Зубин Мета

Ла Скала театры – 1778 жылы негізі қаланған Миландағы опера театры. Театр ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде қиратылған, ал 1946 жылы қалпына келтіріліп қайта ашылған (жоба авторы – инженер Л.Секки).

Бетховеннің Тоғызыншы симфониясы әлемдік өнердің ұлы туындылары – Гомердің поэмалары, Дантенің «Құдіретті комедиясы», Сервантестің «Дон Кихоты», Гетенің «Фаусты», Бахтың «Ұлы мессасы» қатарынан орын алған. Ол өз дәуірінің ұмтылыстарын толық көрсете білді және сонымен бірге жалпы адамзаттың өшпес арман-мұраттарын айқындады. Бұл туынды Бетховеннің симфонист ретіндегі шығармашылық жолын аяқтай отырып, болашақ ұрпаққа жол көрсетті. Симфонияға поэзиялық сөз енгізе отырып, Бетховен бастапқыда замандастарын таңырқатқан терең жаңашыл қадам жасады. Композитордың өзі үшін Тоғызыншы симфонияның финалы – шиллерлік «Шаттық» одасының музыкалық тұрғыдан алғанда көп жылдық ізденістер қорытындысына айналды.

Бетховен алғаш рет симфонияның философиялық тұжырымын білдіру үшін сөзді қосты. Алайда ең бастысы Бетховеннен бастап симфония, неміс музыкатанушысы Пауль Беккердің орынды анықтамасы бойынша, концерт залдарындағы тыңдармандардың әсерін бір жерге тоғыстыратын, жексенбілік месса сияқты шіркеуге келушілерді біріктіретін «зиялы месса» рөлін атқарып келеді. Шиллердің «Шаттық» одасын Бетховеннің кемеңгерлікпен қолдануы зор мағынаға ие болып, Еуропалық қауымдастықтың ресми әнұраны ретінде таңдалды. Бұл барлық жерде бостандық пен адамзат бауырластығының апофеозы ретінде кездейсоқ шырқалмайды.

Бетховеннің Тоғызыншы симфониясы автордың жетекшілігімен алғаш рет 1824 жылы 7 мамырда Венада орындалған. «Астана Операда» Ла Скала театрының симфониялық оркестрін әлемнің ең атақты және беделді дирижері Зубин Мета басқарады.

Зубин Мета – ірі және терең симфониялық туындылардың шебері, музыка тарихындағы ең танымал концерттердің дирижері ретінде танылған. Мысалы: Малердің Екінші симфониясының қос оркестрмен бұрынғы нацистік «Бухенвальд» концлагерінің маңында орындалуы, 1990 жылы футболдан әлем біріншілігіндегі ұлы үш тенор – Пласидо Доминго, Хосе Каррерас және Лучано Паваротти қатысуымен өткен тенорлар шеруі, сондай-ақ Бетховен, Брукнер, Малер, Штраустың ірі және терең симфониялық туындыларының орындалуы.

Көрермендер мен елорда қонақтары үшін заманымыздың танымал тұлғасымен бетпе-бет қауышып, әлемдік жауһар туынды – Бетховеннің Тоғызыншы симфониясын Ла Скала театрының орындауында тамашалауға үлкен мүмкіндік туады.