Scorpions в Алматы

БАЛЕТЫ XXI ВЕКА

БАЛЕТЫ XXI ВЕКА

Бір бөлімді балеттер кеші

І БӨЛІМ.

Раймондо Ребектің "How Long is Now?" («Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?») бір бөлімді балеті – бұл уақыт пен оның жекелеген сәттері туралы пәлсапалық ой-толғау.

Өмірдің сан алуан кездерінде Қазіргі сәт қанша уақытқа созылуы мүмкін? Ғашық жанға сүю сәті тоқтаусыз болып көрінер, ал махаббат азабы мәңгілік жадында сақталып немесе із-түзсіз өшуі мүмкін... Өмірдің азабын тартқан адамдар мен рахатын көргендер үшін уақыттың ағымы әрқалай сезіледі.

Бүгін – бұл ертеңгі күн үшін өткен шақ, себебі қазір ғана орын алған жайт әп-сәтте кешегіге айналады. «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» деген сауалға Льюис Кэрролдың «Ғажайыптар еліндегі Алиса» ертегісіндегі басты кейіпкердің ұқсас сұрағына берілген Қоянның жауабы дәл келеді: «Қазіргі сәт, мәңгіліктей, кейде көзді ашып-жұмғанша өтеді де кетеді».

Р.Ребектің балетінде бишілердің үш жұбы адам өмірінің әр кезеңін бейнелейді. Дарынды хореограф уақыт ағымы мен оны сезіне білу мәселелерін хореографиялық әдістер арқылы зерттеуге бірегей талпыныс жасайды.

Қойылымда М.Рихтер, Г.Эскот, Э.Боссо, О.Арнальдс және «1+1» фильміне арналған саундтрек авторы ретінде айрықша танымалдылыққа ие болған Л.Эйнаудидің, сондай-ақ «Les Tambours du Bronx» («Бронкс барабандары») тобының музыкасы пайдаланылған.

 

Қоюшы хореограф – Раймондо Ребек

Сценография (Р.Ребек эскиздері бойынша) – Виктор Караре

Жарық бойынша суретші – Карло Черри

Костюмдер бойынша суретші (Р.Ребек эскиздері бойынша) – Арасель Досмұратова

«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова, Ресейдің Халық әртісі

 

 

Раймондо Ребек (Германия) – белгілі балетмейстер, педагог, хореограф, балет әртістерінің беделді ұлттық және халықаралық байқауларының лауреаты. Шақырылған балетмейстер-ұстаз ретінде көптеген елдердің балет труппасымен жұмыс жасаған.

2008 жылдан бастап хореограф ретінде танымал. Көптеген шетелдік солистер мен балет труппалары одан өздеріне арнап хореографиялық нөмірлер қоюын сұрайды.

EXPO-2017 аясында «Астана Опера» сахнасында Юнивёрсал-балет корейлік компаниясының «Ақ түс» балетін қойған.

Р.Пети, М.Бежар, Р.Нуреев, И.Шовире, А.Асылмұратова, Х.В.Манен, И.Килиан, A.Прельжокаж, Ж.-К.Майо, М.Бигонцетти және тағы басқа әйгілі хореографтармен және әртістермен әріптес болған.

2012 жылдан бастап Дортмунд балет театрында балетмейстер ретінде жұмыс істейді. 2014 жылдан – NRW Juniorballet Dortmund көркемдік жетекшісі және хореографы.

 

 

ІІ БӨЛІМ.

Ақтоты Райымқұлованың музыкасы мен Адам Капанов либреттосының («Аспан көші») желісі бойынша қойылған Ксения Звереваның «Заман тынысы» бір бөлімді балеті. Риккардо Масирони сценографиясы.

Балеттің негізінде қос ғашықтың тарихы жатыр, олардың әкелері – кәдімгі қарапайым адам болса, аналары – аспан көшін кезген арулар. Көне сиқыр күшіне ие екенінен бейхабар бас кейіпкерлер Аңсар мен Нұрия таңғажайып оқиғаларды бастап кешіріп, алдарынан жақсылық пен жамандықты, махаббат пен өшпенділікті, қайсарлық пен өзімшілдікті кездестіреді.

Дегенмен, сиқыр құдіреті мен уақыт тынысына толы осынау ғаламат оқиға қазіргі кезге ауысады. Қаһармандардың тылсым күштері мен сиқырлы бойтұмарлары басқа пішінге еніп, кейіпкерлердің мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері бүгінгі таңдағы көрерменге әбден түсінікті болады. Спектакль қазіргі заманғы өмірді, оның өзекті мәселелері мен адамдардың өзара қарым-қатынасын, қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтар мен олардың құндылықтарын бейнелейді. Осы арқылы қиял мен шынайылық шиеленіскен балеттің қанық сюжеті, қандай жағдай болса да, уақытқа бағынбайтын ең басты әрі маңызды идеяларға жетелейді.

 

Қоюшы хореограф – Ксения Зверева

Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев

Сценограф – Риккардо Масирони

Жарық бойынша суретші – Якопо Пантани

Костюмдер бойынша суретші – Арасель Досмұратова

«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова, Ресейдің Халық әртісі

 

 

Ксения Зверева (Ресей/Швеция) Стокгольмдегі Швеция Корольдік балет мектебін, А.Я.Ваганова атындағы Орыс балеті академиясының магистратурасын тамамдап, Нидерланды би театрында (NDT) тәжірибеден өткен. Халықаралық байқаулардың және заманауи хореография байқау-фестивальдерінің лауреаты (Швеция, 2006, 2008; Беларусь, 2012; Ресей, 2014). 2008-2012 жылдары Беларусь Республикасы Ұлттық академиялық Үлкен опера және балет театрының балет әртісі болды.

Стокгольмдегі O/Modernt фестивалінің хореографы (2012-2013), А.Я.Ваганова атындағы Орыс балеті академиясының Орындаушылық факультетінде модерн би ұстазы (2013-2014). Оның «Парящие» миниатюрасы Михайловский театрының Бас жүлдесіне ие болып (2013), Мариин театры сахнасында қойылды (2014).

Оның П.Чайковскийдің музыкасына қойылған «Элегия. Офелия» және Ф.Гласстың музыкасына қойылған Second I балеттері Мариин театрының репертуарына енді. Ресейдің Үлкен театры сахнасында оның М.Рихтердің музыкасына қойылған бір бөлімді Memoryhouse балеті көрермен назарына ұсынылды (2017).

Бірнеше рет «Астана Опера» театрына, «Қазақ ұлттық хореография академиясына» қойылымдар мен шеберлік сағаттарын өткізу үшін шақырылған.

«Бенуа де ла Данс» екі күндік әлемдік балет фестивалі аясында «Виват Петипа! Заманауи хореографтардың классикаға көзқарасы» атты гала-концертте (Үлкен театрдың тарихи сахнасы, Мәскеу) Мариин театрының жетекші әртістері Оксана Скорик пен Ксандер Париштың қатысуымен П.Чайковскийдің музыкасына жазылған «Па де Петипа» қойылымының әлемдік премьерасы өтті (маусым, 2018).