Расписание кинотеатров актау
97 адам соңғы сағат ішінде олар осы нысанның оқиғаларына қызығушылық танытты.

«Отпан» тарихи-мәдени кешені

Отпан тау – Батыс Қаратаудың биік шоқысы (Балтық теңізі деңгейінен 532 метр биіктікте). «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен» кәрі Маңғыстау халықтарының қастерлеген қасиетті тауы. Көшпелі тайпалардың ғибадаттарын өткізіп, абыздардың орда тіккен жері. Жаугершілік заманда, елді аман алып қалу мақсатында сарбаздардың белгі беріп – Ұран Отын жаққан жері. Дүлдүл ақын Қашағанның жырға қосқан жері.

Бұл тауда шипалық қасиеттері бар 15 түрлі өсімдіктер өседі. Айналасында зерттелмеген тарихи, табиғи ескерткіштер мол. Алта, Алтынқазған, Тентекқара сайы, Қарасай, Нұранның сайы, Ақмыш бұлағының бастауы, Көкала, т.т.

Төбе басынан Маңғыстаудың үш түбегі анық көрінеді.

Батыста көкжиектен Каспий теңізінің құрлыққа еніп жатқан жері Үш ауыз тауы көрінеді. Күн батқан кезде оңтүстік батыстан Ақтау қаласының, оңтүстік шығыстан мұнайлы Жетібай кентінің, терістіктен Қаражамбас кенішінің самсаған оттары байқалады. Бұлар Отпан таудан 150, 100, 80 шақырым қашықтықта орналасқан жерлер.

Отпан тауда Адай ата кесенесі және басқа да аспан астындағы ескерткіштер бой көтерді.

2007 жылы 24 қазанда «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің ашылу рәсімі өтті. Маңғыстау облысының мәдениет саласына тағы бір мәдени ошақ қосылды. Рухани тарихи-мәдени кешеннің ашылу салтанатына 500 ағаш үй тігіліп, Қазақстан және басқа да тәуелсіз республикалардан 50 мыңдай адам қатысты. Бәйгі, ұлттық түрлі спорттық жарыстар және ақындар айтысы, жазба ақындар мүшайрасы ұйымдастырылды. Отпан таудың басында, Адай – Ата кесенесі жанында ашылған салтанатты жиынға республикаға белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

2009 жылы Ақсарай ғимаратынан өлке тарихына байланысты алты залдан     тұратын музей экспозициясы ашылды.

Кешен ашылғаннан бері 13-14 наурыз күндері халқымыздың Амал     мерекесі тойланып, түрлі дәстүрлі шаралар, кездесулер өткізіледі.

Ұлтымызға рух беретін Ұран Отын сегіз арыс Адай ұрпақтары бір біріне аманаттап тапсырып келеді.

Адай ата кесенесі. Адай-Ата кесенесі Қаратаудың биік шоқысы - Отпан тауда орналасқан. Кесене биіктігі күмбез найзасының ұшына дейін  - 37 метр. Күмбездің арқауы алтынмен шайылған. Адай Атаның екі қапталында екі баласы Келімберді мен Құдайке атамыздың құрметіне арналған кесенелер салынған. Кесене ішінде Маңғыстау ескерткіштеріне тән сандықтас пен құлпытас орнатылған.

«Ана келбеті»  ескерткіші. Адай – Атаның жұбайы - барлық Аналардың образы. Жүзінде айдың, жүрегінде күннің суреті өрнектелген. Бұл – ананың жүзі «айдай» жарқын, жүрегі «күндей» ыстық деген мағынаны білдіреді. Көкірегінің тұсында екі қыран құс бейнеленген. Бұл – ананың құрсағынан шыққан екі баласы – Құдайке, Келімберді. Аналар үйдің иесі. Сол себепті «Ана келбеті» ескерткіші Адай - Атамыздың Ақордасы - Ақсарайдың жанына орналасқан. Биіктігі 15 метр.

Көк бөрі -  ежелгі түркі халықтарының тотем - символы. Бағзы замандарда аталарымыз көкжал қасқырды пір тұтқан.  Тағы аң қандай қиыншылыққа да төзімді, жауларынан да, табиғаттың дүлей күшінен де қорғана алатын күшті, қолға үйретуге көнбейтін, туған жерінен басы ауған жаққа кетпейтін және өз ұяластарын сыртқы жауға бермейтін, «Қызыл кітапқа» енбеген, саны көбеймесе азаймаған ержүрек ақылды да айлакер, киелі аң. Аталарымыз Көкбөрінің осы қасиеттерін өз ұрпағының болмысында болуын қалап, балаларына үлгі тұтқан.

Тағзым Оты – қиын кезеңдерде, елге жау шапқанда кең байтақ Маңғыстау халықының басын жинау үшін Отпан тауда Ұран Отын жаққан.   Отпанда жағылған алау от Үстіртің үстінен көрінген.

Қазір бұл тарихи жерде жыл сайын Маңғыстау халқының ежелден келе жатқан жыл басы 14 наурыз - Амал күні ас-садақа беріліп, наурыздың 13-тен 14-не қараған түні бірліктің, достықтың, тірлігіміз бен намысымыздың, бізді ұлттық мемлекет есебінде қалыптастырған баянды тәуелсіздігіміз жолындағы әр жылғы жеңісіміздің мәңгілік оты Тағзым Оты жағылады.

Ақсарай - Адай атамыздың Ақордасы іспеттес. Ғимаратта 2009 жылы  Маңғыстау тарихына арналған музей орын тепті. Экспозиция алты залдан тұрады: кіреберіс зал,  Ұлы дала данышпандары, ислам залы, Нұрлы жол көшіндегі Маңғыстау залы, өлкенің ежелгі тарих залы.

Бас қақпа - 2014 жылғы Амал мейрамына қарсы Тобыш ата ұрпақтары  салып, айналасын көгалдандырды.

Қарашаңырақ - 2015 ж. Мұңал ата ұрпақтары «Тай қазан» орнатып, «Қарашаңырақ» ғимаратын салды.

Бата тобе – 2016 ж. Қосай ата ұрпақтары Бата төбеде жорық жыршысы Қалнияз Шопықұлының зиратына құлпытас орнатты.