Мероприятия Stages.kz

«Қандыөзек». Театр им. Бекежанова

Р. Отарбаев «Қандыөзек»

Қойылымның мақсаты – жастарды нашақорлық секілді үлкен дерттен бойын аулақ ұстауға, салауатты өмір салтын сақтауға шақырып, есірткіге тәуелділіктің азабын көрсету және нашақорлыққа қарсы күреске үндеу.

Есірткі – жұртты есіртіп, жұмыссыздық пен құлықсыздық белең алған жерде неше түрлі сұмпайы сұмдықтар адамның ерік күшін аяқпен таптап, тұрмыстан азғындатып, екі аяқты айуанға айналдырады. Қолы-басы дірілдеп, кірпіктері іріңдеп, аяқтары жас ботаның тірсегіндей оңды-солды шайқатылып, тербетіліп-теңселіп, жалғанды жалпағынан басады. Саусақтарын шошайтып есірік елесіне, жымысқы жынына нақұрыс кейіппен бұйрық береді. Қабағы қатыңқы, иығы басыңқы.

Нашақорлық бір отбасының шаңырағын шайқалтып, жазылмас дерт, айықпас сырқаттың ошағына айналады. Соңы СПИД...

Сахнадағы жанды көріністер бір отбасының осынау қасіреті бүкіл ғасыр мерезіне ұласып бара жатқандығын  меңзейді.

Мақсат – балақтан басқа өрлеуге белең алған осынау індеттен бойды аулақ ұстап қана қоймай, онымен табанды күресу.