Спектакль "Батыл көжектер"
Автор: С. Қасымбек
Премьера күні: маусым 2017
Режиссёр: С. Қарабалин
Актерлар:
Жанр: музыкалық ертегі
Ұзақтығы:
Жас санаты:
Қосымша:
Аңғал әрі аңғарымпаз Зу көжек, Аш көжек, Тиін, Көксеректер Жаңа жылды күтумен болады. Алайда қу Түлкі сиқырлы таяқты қолды етіп, елді әуре-сарсаңға салды. Ал сиқырлы таяқсыз Аяз ата мен Ақша қар ескі жылды шығарып сала алмайды. Енді қайтпек керек? Орталық оқиға осы бір тұста өрбиді. Екі батыл көжек артынан Тиін мен Көксеректі ертіп алып, жолға шығады. Арадағы жас көрерменмен байланыс спектакльдің әсерлілігін арттырып, жаңаша бір тыныс беріп отырды. «Мұнда, мұнда! Ол ана жерге тығылып қалды. Зу көжекті құтқарыңдар...» деген дауыстар залдың әр бұрышынан естіліп, жан-жақты жаңғыртып жібереді. Бұның өзі артистердің ойынына ерекше екпін беріп, шабыттандыра түскені хақ.
Сахнадағы жан-жануарлардың ән айтып, би билегені өте табиғи шықты. Қойылым соңында бір топ қасқырдың алаңға аяқастынан атып шыққаны күтпеген жағдай болды. Қойылымның ең тартымды жері – басы артық сөздің болмауы. Кейде диалогтан бұрын алдыңғы планға іс-қимыл, әрекет шығып кеткендей әсерде болдық. Драма қозғалысқа негізделгендіктен қойылымды, әсіресе балалар тақырыбында, дене қимылына жаңаша дем біткендей әсер алдық. Қыстың соңғы айы да аяқталуға жақын қалғанда кішкентай көжектердің қар атысып, аққала жасап жүргені сондай бір тартымды көрінді. Апасы базарға кеткенде бір-бірін ренжітіп, балаша жылап жатқан кейіпкерлер езуге күлкі үйіреді. Бүгінгі қазақ театры жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін мойындауымыз керек. Театр өнеріне өзін арнағысы келетін жастар көбейіп келе жатқанын көріп, шыны керек қуанады екенсің. Режиссердың берген тапсырмасын дәл орындап, жай ғана орындап қана қоймай, көркемдік образ жасауға деген талпыныстарын байқау қиын емес. Қойылым батылдық, батырлық, адалдық, сенім, махаббат, жылылық, сүйіспеншілік сияқты киелі ұғымдарды насихаттайтыны көңілдегі көп күдікті сейілтеді. Көжектер, жалпы қоян өте қорқақ, сужүрек аң екенін, өз көлеңкесінен өлердей қорқатыны бәріңізге мәлім. Алайда, шығарма авторы оларды батыл етіп көрсету арқылы көжек екеш көжек те намысқа тырысса, аспайтын асу, алынбайтын қамал жоқ екенін аңғартқандай.
Билет қайтару шарттары: танысу